Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті, Қарағанды, Қазақстан
Мен Арғынбай Жамбыл Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «электрэнергетикасы» мамандығының төртінші курс студентімін. Мен осы 2018-2019 оқу жылы, яғни жетінші семестрде Қытай Халық Республикасының астанасында орналасқан «Бейжиң технологиялық институтына» (Beijing Institute of Tehnology) академиялық алмасу бағдарламасы аясында білім алудамын.

Ең алғашқы келгенде кішкене үрей, қорқыныш болғаны рас. Себебі бұл менің алғашқы шекара асуым, әрі ата анамның қасынан бірінші рет алысқа ұзауым. Дегенмен, Бейжиң қаласының ауа райы, тұрмыс тіршілігі біздің елімізге ұқсас болғандықтан, сонымен қатар, біз әуежайдан келген мезетте бізді БИТ волонтерлері құшақ жая, жылы лебізбен қарсалып алғандықтан болар, біз тез-ақ сіңісіп кеттік. Бейжиң қаласы өте үлкен, әсем қала. Қаланың кез келген жеріне метро, автобус, тролейбус арқылы қатынауға болады. Халық тығыз орналасқаны үшін электр қуатымен және газбен жүретін жаңа үлгідегі автокөліктер ғана қолданыста екен. Сондай ақ, вело жолдар арқылы велокөліктермен жүруге қолайлы жағдайлар жасалынған.
БИТ институты Қытай Халық Республикасындағы ең үздік он жоғарғы оқу орындарының бірі болып саналады. Бұл ЖОО өте үлкен, әрі инженер кадрлар даярлауда жетекші орынға ие институт. Қазіргі уақытта, Бейжинг технологиялық институтында: 3 500 оқытушы дәріс оқыса, 25 000 студент күндізгі оқу түрінде, 14 000-нан астам студент бакалавр, 8000 магистрант, 3000 доктарант бар. Және де, 700-ге жуық студент шекара асып мен сияқты, яғни академиялық алмасу бойынша білім алуда.
Қытай дамушы мемлекет болғандықтан бұл жерде бәрі автоматты басқару жүйелері арқылы жұмыс жасайды. Бұл жерден біздің елімізге қолданысқа енгізуге болатын көптеген бағдарламалар көруге болады. Мысалы: Адамның қызметін ауыстырып тұрған робот техникаларын, бүкіл жұмыстарды бақылайтын компьютерлік бағдарламалар т.б. айтуға болады.

Қазіргі уақытта адам баласы дамудың жоғарғы сатысына көтеріліп келеді. Қазіргі инновациялық үдеріс ғылым салаларының тоғысуы мен бірігуіне ғана емес, сонымен қатар еліміздегі тың ғылыми салалардың қалыптасуы мен дамуына да ықпал етуде. Еліміз жастардың біліміне, келешегіне түрлі бағдарламалар арқылы жарқын болашақ сыйлауда. Осы Қытай Халық Республикасына келіп бір семестр білім алудың өзі, келешекке биік мақсатпен қарауға үйретуде. Еліміздің болашағы – білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастар қолында екенін бабаларымыз жырларында жырлап, даналарымыз даналық сөздерінде айтып кеткен. Сондықтан, Елдің экономикасын, экологиясын жақсарту мақсатында жастар көптеген жұмыстар жасап, еліміз қарқынды дамуына ат салысуы керек.